11
желтоқсан
2024
Желтоқсан қаһармандарымен кездесу / Встреча героев декабря






Желтоқсанның он бірі күні Мәншүк Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейде тұғырлы тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасы куәгері - Сатамбаева Гүлнар Абеновнамен кездесу кеші өтті.Еліне қорған бола білген батыр қызымыз жалынды жастығында «Желтоқсанның» ызғарында ел болашағы деп аянып қалмай, сәулелі ғұмырын да дәл солай ел болашағына – өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолына арнаған екен. Қазіргі таңда Мемлекеттік архивтің қойма меңгерушісі қызметін абыроймен атқаруда. Бүгін ұзақ жылдар бойы жүрек түкпіріне сақтаған естеліктерімен бөлісуге келді. Іс-шараның мақсаты: Желтоқсан көтерілісінің сипатын аша отырып, тәуелсіздік бастауы ызғарлы Желтоқсан оқиғасы екенін жете түсіндіру, жас ұрпақ бойында еліне, жеріне, ұлтына деген патриоттық сезімді қалыптастыру. Ұлт тағдырына өшпес із қалдырған Желтоқсан оқиғасын ойға алғанда дір етпейтін жүрек жоқ. Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың есімін иеленген №28 мектеп-лицейде жыл сайын өскелең ұрпақтың бойына құндылықтарды дарыту, туған жерге деген патриоттық сезімді нығайту, өткенді ұмытпай, ұрпаққа ұлықтау мақсатында іс-шара, кездесу кештеріне ерекше ықыласпен дайындалады. Бұл кеште де көптеген естеліктер айтылды, өскелең ұрпаққа өнеге боп қалар өмірбаяндар баяндалды. Сонымен қатар, дәл осы күн мектебіміздің 2-сынып оқушыларының естерінде мәңгіге сақталар күнге айналды. Себебі , оқушыларды «Жас қыран» балалар ұйымының кіші тобына қабылдау рәсімі желтоқсан оқиғасының куәгері мен мектеп директорына ұсынылды. Оқушыларымыз «Жас қыран» ұйымына қабылданып, галстуктарын тағып, ант берді.Дәл осы сәт көрермендер үшін ұрпақтар сабақтастығының ең әсерлі көрінісі болып көрінді.