«Рақмет, ұстазым!» жүректен шыққан құттықтау
Мұғалімдер күні қарсаңында М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейінде жүректі толқытқан, шынайы оқиға орын алды. 1 «Б» сынып оқушылары өздерінің сынып жетекшісі — Ирина Петровна Криворучконы ерекше түрде құттықтауды ұйғарды.
Әдеттегі ашықхаттар мен гүлдердің орнына балалар тосынсый дайындап, мектеп ауласына шығып, асфальт бетіне өздерінің сүйікті ұстазына арнаған жарқын суреттерді салды. Күндей күлімдеген гүлдер, кемпірқосақтай жүректер, мектеп қоңыраулары мен «Рақмет, ұстазым!» деген жылы жазбалар мектеп ауласын нағыз балалар махаббатының галереясына айналдырды.
Әр сурет — балалардың алғысы мен шынайы махаббатының, ұстазға деген терең құрметінің символына айналды. Ирина Петровна бұл күтпеген сыйлыққа шын жүректен толқып, мұндай құттықтаудың оның өміріндегі ең қымбат сый болғанын атап өтті. Өйткені бұл — кішкентай шәкірттердің тап-таза жүрегінен шыққан ақ тілек еді.
Осындай сәттер — ұстаз бен оқушы арасындағы ерекше байланыстың, сенім мен өзара қолдауға негізделген шынайы қарым-қатынастың дәлелі. Мұғалімдер күні — бұл тек ұстаздар мерекесі ғана емес, сонымен қатар оқушылар үшін де жүректен шыққан қарапайым, бірақ аса маңызды сөздерді айтуға тамаша мүмкіндік: «Рақмет, ұстазым!»