Халықаралық Олжас оқулары
2025 жылғы 16 мамырда М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейінде көрнекті қазақ ақыны, жазушысы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің шығармашылығына арналған маңызды мәдени-білім беру іс-шарасы — Халықаралық Олжас оқулары өтті.
Биылғы жылы оқуларға тек Алматы қаласының оқушылары ғана емес, сонымен қатар еліміздің басқа өңірлерінен және шет елдерден де өкілдер қатысты: Санкт-Петербург қаласы (Ресей Федерациясы), Жетісу облысы, Қоғалы ауылы, Орал қаласы.
Байқау бірнеше номинация бойынша өткізілді, олардың әрқайсысы Олжас Сүлейменовтің шығармашылығы мен тұлғасының түрлі қырларын ашып көрсетті.
«Бар әлемде жүрегім бар тұратын...» номинациясы аясында қатысушылар «Өлең — менің өмірімде» тақырыбында эсселер жазып, поэзия мен өнердің адам дүниетанымын қалыптастырудағы рөлі туралы өз ойларымен және әсерлерімен бөлісті.
«Жер, адамға тағзым ет» номинациясында байқауға қатысушылар Олжас Сүлейменовтің өлеңдерін немесе проза үзінділерін жатқа оқып, тек мәтінді меңгерумен шектелмей, авторлық интонация мен ішкі эмоцияны жеткізе білу шеберлігін көрсетті.
«Олжас Сүлейменов және бейнелеу өнері» бағыты бойынша ақын өмірі мен шығармашылығының маңызды кезеңдерін бейнелейтін шығармашылық сурет жұмыстары ұсынылды.
Ерекше қызығушылық тудырған номинация — «Олжас Сүлейменов және алпысыншы жылдар ақындары», мұнда қатысушылар өз авторлық шығармаларын да, Сүлейменовтің рухани серіктері — 60-жылдардағы замандас ақындардың туындыларын да оқыды.















